ШҚО тасжолдарында алғаш рет лазерлік қондырғылар орнатылды
Қалбатау – Майқапшағай тасжолында (Тұғыл ауылы маңында) және Алматы – Өскемен тасжолында (Алмасай ауылы маңында) жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заманауи лазерлік қондырғылар орнатылды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ШҚО филиалының мәліметінше, түнгі уақытта жарық сызықтары проекцияланып, жүргізушілер жол бетіне түсірілетін түрлі жарық сызықтарын байқай алады.
– Лазерлік бағдарлар жүргізушілерге, әсіресе ұзақ әрі бірсарынды жол учаскелерінде, көлік қозғалысының бағытын дұрыс ұстануға көмектеседі. Бұл жарық сигналдары кәдімгі жол белгілері мен таңбаларына қарағанда жылдам қабылданады, соның арқасында жүргізушілер дер кезінде әрекет етіп, түнгі уақытта және қолайсыз ауа райы жағдайында жолды бағдарлай алады, – делінген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ШҚО филиалының хабарламасында.
Аталған жүйелер республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы инфрақұрылымды жаңғырту және қауіпсіздік деңгейін арттыру шаралары аясында орнатылып жатыр.



