ШҚО-да шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталады
Биыл Шығыс Қазақстан облысында аса қауіпті үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы республикалық бюджет қаражаты есебінен 26,3 мың гектар аумақта химиялық өңдеу шараларын жүргізу жоспарланған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ШҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, италиялық прусқа қарсы 18,7 мың гектар, азиялық шегірткеге қарсы 7,6 мың гектар жер қамтылады. Аталған іс-шараға 7 жерүсті желдеткішті бүріккіш, 2 пилотсыз әуе жүйесі, 1 аса жеңіл ұшақ және 1 аэрозольді генератор жұмылдырылмақ. Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен саяқ шегірткелерге қарсы 23,5 мың гектар аумақта қорғау шаралары ұйымдастырылады.
– Жалпы көлемі 49,8 мың гектарды құрайтын фитосанитариялық іс-шаралар Зайсан, Күршім, Марқакөл, Самар, Тарбағатай және Ұлан аудандарында жүзеге асырылады. Науқан мамыр айының үшінші онкүндігінде басталып, шілде айының бірінші онкүндігіне дейін жалғасады, – делінген хабарламада.
ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ШҚО аумақтық инспекциясы тұрғындардан шегіртке зиянкестерінің шоғырланған ошақтарын байқаған жағдайда аудандық аумақтық инспекция бөлімшелеріне, жергілікті әкімдіктердің ауыл шаруашылығы бөлімдеріне немесе әдістемелік орталық мамандарына жедел хабарлауды сұрайды.
Байланыс телефондары: облыстық аумақтық инспекция 87475484352 (call- орталық), республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалы 87777496066.



