Тұрғындарға құрбандық шалу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді – ШҚО
Құрбан айт қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға құрбандық шалу және ет өнімдерін сақтау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, мереке күндері тағамнан улану мен жіті ішек инфекцияларының қаупі артады. Сондықтан санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау маңызды. Өңір тұрғындарына етті тек ресми рұқсат етілген сауда орындарынан: базарлардан, дүкендерден және арнайы қасапханалардан сатып алу ұсынылады. Сатып алу кезінде ветеринариялық құжаттардың және ветеринариялық қызмет мөрінің болуына назар аудару қажет.
– Мал сою тек арнайы белгіленген орындарда және қасапханаларда жүргізілуі тиіс. Тұрғын үйлердің аулаларында, балалар алаңдарының маңында және су айдындары жанында мал союға тыйым салынған. Сонымен қатар жеке гигиена талаптарын сақтау, етті дұрыс сақтау және тасымалдау қажеттігі ескертілді. Ет өнімдерін тиісті температуралық режимде сақтау, тағамның ыстықта ұзақ уақыт тұрып қалуына жол бермеу және міндетті түрде толық термиялық өңдеуден өткізу қажет, – делінген ШҚО әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
ШҚО СЭБД мәліметінше, жаппай тағамнан улану жағдайларының басым бөлігі еттің сапасына емес, қарапайым санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты болады. Атап айтқанда, қолдың кір болуы, ортақ ыдысты пайдалану және өнімдерді дұрыс сақтамау қауіп тудырады.



