Жаңалықтар

Өскемендік шебер ағаштан қазақ хандарының мүсінін жасайды

Өскеменде ағаштан тұтас бір тарих жасап шыққан адам тұрады. Ол – Юрий Костанянц. Кезінде азаматтық авиацияда тікұшақ командирі болған шебер бүгінде қазақ даласының хандары мен батырларын, аңыздары мен тағдырларын ағашқа қашап, ұлттық тарихты өзгеше тілде сөйлетіп жүр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Юрий Михайлович бұл іске бір күнде келген жоқ. Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі қиын кезеңде авиациядан кетуге мәжбүр болды. Кейін ағаш ұсталығын кәсіп етіп, уақыт өте келе ол өмірлік миссиясына айналды. Қазір шебердің қолынан шыққан жүздеген туынды оның Өскемендегі ерекше үй-музейінде сақтаулы.

Бұл музей кәдімгі көрме залына ұқсамайды. Жартылай күңгірт залда арнайы жарықпен көмкерілген тарихи бейнелер көрерменді бірнеше ғасыр бұрынғы Ұлы далаға жетелейді.

Мұнда Шыңғыс хан, Жошы хан, Қайыр хан, Қасым хан секілді тарихи тұлғалар ағаш мүсін арқылы қайта тірілгендей әсер қалдырады.

Юрий Костанянц қазақ тарихына арналған жобалармен жиырма жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Оның ең ауқымды еңбектерінің бірі – қазақ хандары мен Шыңғыс ұрпақтарына арналған композициялар топтамасы. Шебер әр бейненің мінезін, тағдырын, тарихи салмағын ұсақ деталь арқылы жеткізуге тырысады.

Мәселен, оның Шыңғыс ханы – жай ғана жаулаушы емес, айбар мен сабырды қатар ұстай білген тұлға ретінде көрінеді. Ал Қайыр ханның мүсінінде Отырар қорғанысының соңғы сәттеріндегі қайсарлық пен трагедия анық сезіледі. Жошы хан композициясында да билеушіден гөрі тағдырлы адамның бейнесі алға шығады.

Шебердің еңбектері 2014 жылы Парижде де көрмеге қойылған. Алайда туған қаласында оның шығармашылығын толық танып-білетіндер әлі де аз. Юрий Костанянцтың өмір жолы да оңай болмаған. Оның үй-музейі екі рет өртке оранып, көптеген туындысы жойылып кеткен. Соған қарамастан шебер бәрін қайта қалпына келтіріп, жұмысын жалғастырды. Бүгінде ол өзімен қатар зейнет жасындағы бірнеше шебермен бірге еңбек етеді және балаларды ағаш ою өнеріне тегін баулиды.

Шеберді толғандыратын ең үлкен мәселе – өз ісін жалғастыратын адамның жоқтығы. Өйткені бұл тек ағаш ою емес, тұтас тарихты, мәдениетті және рухты сақтау ісі.

Юрий Костанянцтың үй-музейі Өскемен қаласындағы Борис Александров көшесі, 34 мекенжайында орналасқан. Мұнда келген адам ағаштан жасалған мүсіндерді ғана емес, бір адамның табандылығы мен өнерге деген адалдығын да көре алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button