Қазақстанда жазда ауа райы қандай болады?

Синоптиктер жаз мезгіліне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Консультативтік болжамға сәйкес, маусым айында республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі. Шығыс өңірлерде және елдің қиыр солтүстік-батысында температура климаттық норма шамасында болады. Қазақстанның басым бөлігінде +18…+23°С, елдің оңтүстік-батыс жартысында +24…+28°С, ал оңтүстік-шығыс пен шығыстағы таулы аудандарда +7…+17°С болады.
Күндіз ауа температурасы +30…+38°С-тан +15…+20°С-қа дейін, республиканың оңтүстік жартысында кей күндері ауа температурасы +40…+45°С-қа дейін жетуі мүмкін.
Маусымның алғашқы онкүндігінде республиканың солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда түнгі және таңғы уақытта үсік жүруі мүмкін.
– Шілде – жаздың ең ыстық кезеңі. Бұл айда ауа температурасы климаттық норма шамасында болып, орташа ыстық болады деп болжанып отыр. Қазақстанның басым бөлігінде +18…+24°С, оңтүстік жартысында +25…+30°С, оңтүстік-шығыс пен шығыстың таулы аудандарында +9…+17°С болады. Жаздың соңғы айы – тамызда да елдің басым бөлігінде ыстық ауа райы күтіледі. Ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады. Тек республиканың оңтүстік-шығыс бөлігінде температура норма шамасында сақталады. Қазақстанның басым бөлігінде +20…+28°С, солтүстік-шығыс жартысында +16…+19°С, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда +11…+15°С, – делінген хабарламада.
Жалпы жаз мезгілінде республиканың көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері орташа деңгейде болады деп күтіледі.



