ШҚО-да оқушылар арасында «Startup Projects–2026» көрмесі өтті

Өскемендегі №40 жалпы орта білім беретін мектепте оқушылардың ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларына арналған «Startup Projects-2026» атты көрмесі өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Көрме барысында білім алушылар өздерінің авторлық жобаларын таныстырып, түрлі саладағы инновациялық шешімдерін ұсынды. Атап айтқанда, экология, IT технологиялар, робототехника, білім беру, әлеуметтік бағыт және кәсіпкерлік салалары бойынша әзірленген жобалар көпшілік назарына ұсынылды.
Жас өнертапқыштар өз жобаларының маңыздылығы мен тиімділігін дәлелдеп, ғылыми жаңашылдығын көрсете білді. Қатысушылар өз идеяларын еркін жеткізіп, сарапшылар мен көрермендердің сұрақтарына жауап беріп, тәжірибе алмасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме оқушылардың сыни ойлау қабілетін арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауы мен ғылымға деген қызығушылығын нығайтуға зор ықпал етті. Сонымен қатар, мұндай шаралар жастардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырып, жаңа бастамаларға сенімді қадам жасауына мүмкіндік береді.



