Тереңсайдағы көпір құрылысына жаңа мердігер келді – ШҚО
Шығыс Қазақстан облысында Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы автожолдың Тереңсайды айналып өтетін жол бөлігінің құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, биыл жаңа жол учаскесін ашылмақ. Жобаның негізгі нысаны – Пихтовка өзеніндегі көпір.
– Тереңсайды айналып өтетін жол құрылысы бұрын орман қоры жерлеріне қатысты мәселелерге байланысты тоқтатылған болатын. 2023 жылы жұмыстар қайта басталғаннан кейін бұрынғы мердігер келісімшарт міндеттемелерін орындамаған, – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
2025 жылдың мамыр айында жұмыс кестесінің жүйелі түрде бұзылуы және нысан уақытында пайдалануға берілмегендіктен «Востоквзрывпром» ЖШС мен «Kurylys Group RK» ЖШС-не қатысты талап-арыз жұмыстары басталған.
– Сот процестерінің нәтижесінде «Востоквзрывпром» ЖШС мемлекеттік сатып алудың қара тізіміне енгізілді. Мердігер ұйымдармен жасалған барлық келісімшарттар бұзылды. Мемлекет кірісіне 2,2 миллиард теңгеден астам қаржы өндірілді, – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда жаңа мердігер ретінде «ОблШығысЖол» ЖШС екені анықталды.
– Жобаны аяқтау үшін ірі көпір құрылыстарын салуда мол тәжірибесі бар мердігер ұйым тартылды. Қазірде нысанда техника, жабдықтар және мамандар толық жұмылдырылған. Пихтовка өзеніндегі көпір маңында бетон зауытын орнату аяқталды, бұл жұмыс қарқынын едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Қазіргі уақытта көпір тіректерінің конструкцияларын әрі қарай бетондауға дайындау және қалыптарды монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бетон құю жұмыстары 20 мамырға жоспарланған.
Қазірде көпірдегі бетон жұмыстарының 48 пайызы орындалған. Қалған бетондау жұмыстарын осы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.



