Жаңалықтар

Лесхоз кентінің тұрғындары ауыз су, қоқыс мәселесін көтерді

Өскемендегі Лесхоз кентіне орталық су құбыры тартылғанымен әлі күнге дейін халыққа ауыз су берілмеген. Тұрғындар осы мәселені айтып, мердігерден осы мәселенің қашан шешілетінін сұрап, өз наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

– Суды толықтай желтоқсан айына дейін тартып бітірдік. Қыста ешкім суды іске қоспайды. Іске қосу және реттеу жұмыстары көктем мезгілінде жүргізіледі. Қазір суды толық іске қосып, құбырларға қысым тексеруін жүргізгеннен кейін абаттандыру жұмыстарын бастаймыз. Жолдарды тегістеп, кей жерлерге топырақ төгеміз, қиыршық тас себеміз, – деді мердігер Андрей Окуньков.

Қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Рашид Шерубаевтың айтуынша, Лесхоз кентін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету аясында 2022 жылы жоба әзірленді. 2024 жылы жобаны іске асыру басталды.

– Қаржыландыру толық болмағандықтан, негізгі қаражат бізге 2025 жылы бөлінді. Өткен жылы барлық негізгі жұмыстар, яғни құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Жұмыстар желтоқсан айында аяқталғандықтан және техникалық талаптарға сәйкес жүйені іске қосу мүмкін болмағандықтан, суды іске қосу және беру жұмыстары биылғы жылға жоспарланды. Биыл наурыз және сәуір айларында іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді. Осы аптада суды сорғы станциясына дейін жеткіземіз, ал келесі аптадан бастап сынақ режимінде суды тұрғын үйлерге дейін беруді жоспарлап отырмыз, – деді Рашид Шерубаев.

Ауыз судан бөлек тұрғындар қоқыс үйіндісі мәселесінде көтерді.

– Мен осында көшіп келгелі бері қоқыс үйіндісі мәселесімен алысып келемін. «e-Otinish» арқылы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, эколог, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Өскемен қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына өтініш жаздым. СЭС көктемде жұмыс істеген, айыппұл салған. Қайтадан өз атымнан өтініш жазғанда олар қайтадан қарай алмаймыз деді. Жолдың шетінде қоқыс жиналған, малдың терісі, ыдыс бәрі жатыр. Иісі деген бүкіл жерді алып жатыр. Соның барлығын Өскеменспецкоммунтранс жөндеу керек болатын. Тым болмағанда сол аумаққа камералар қойып, бақылау жасаса, – дейді Лесхоз тұрғыны Нұргүл Хамзина.

Тұрғындардың бірі қоқыс үйіндісінің маңындағы жолдың шетінің бәрі қоқыс екенін жеткізіп, сол маңайға екі камера қойып қойса екен деп өз өтінішін білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button