ШҚО-да чат-бот көмегімен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алды алынды

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы 2024 жылы іске қосқан «URPAQ» жобасы балалар мен ата-аналарға буллинг, зорлық-зомбылық және балалар қауіпсіздігіне төнетін өзге де қауіптер туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік береді.
Осы жылдың сәуір айында «URPAQ» чат-ботына кәмелетке толмаған баладан бір топ құрдастары тарапынан өзіне қатысты жасалғалы жатқан физикалық зорлық-зомбылық туралы анонимді хабарлама түскен.
Тарбағатай ауданының прокуратура және полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуімен дабылдың арқасында жанжал дер кезінде тоқтатылды, қазіргі уақытта жасөспірімнің өмірімен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
– Аталған факті бойынша құқық бұзушылыққа оқталушылардың ата-аналарына қатысты ҚРӘҚБтК-нің 127-бабы (Тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оқиғаға қатысушылардың барлығымен және олардың заңды өкілдерімен кешенді профилактикалық және психологиялық әңгіме жүргізілді, – делінген ШҚО прокуратурасының хабарламасында.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы «@VKO_URPAQ_BOT» телеграм-боты тәулік бойы жұмыс істейтінін еске салады.



