Нұрдәулет Ақыштың әдеби әлемі: Шығыс жұрты жазушыға құрмет көрсетті

ЖАҢАЛЫҚТАР Кеше, 10:08 0

А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Ұлттық кітап күні» аясында көрнекті жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық Жамбыл және «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Нұрдәулет Ақышпен әдеби кездесу өтті.

Кешке жиналған әдебиетсүйер қауым мен қаламыздың студент жастары қаламгерді ерекше ықыласпен қарсы алды. Кеш қонақтары арасында бірқатар зиялы қауым өкілдері Нұрдәулет Бәбиханұлын мерейтойымен құттықтап сөз сөйледі.

Әуелі кештің тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының ШҚО филиалының төрағасы, ақын, публицист Әлібек Қаңтарбай мерейтой иесіне филиал атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. 

Қоғам қайраткері, ҚР мәдениет қайраткері, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесінің орынбасары Сағымбек Ақанов жазушы шығармашылығындағы рухани биік өрнектер мен ұлттық болмысты тілге тиек етті.

Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы Ермек Құрманғалиев жазушының туған елге деген сүйіспеншілігін, сол өлкенің төл перзенті ретіндегі мақтаныштарын атап өтіп, аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етті. 

Ал Түсіпхан Түсіпбеков кеш кейіпкері жөнінде жылы естелік айтты.

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 1-курс магистранты Дүйсенбекова Айым Жандосқызы «Нұрдәулет Ақыш прозасындағы ұлттық тәрбие мен құндылықтар» тақырыбында ғылыми баяндама жасап, тың пікірлерімен бөлісті. Ақтаңгер ақын Серік Құсанбаев пен ҚР «Мәдениет саласының үздігі» әуезді үнімен көрерменді баураған әнші Шолпан Кеңесханқызы әдеби кештің ажарын келтіріп әдемі ән орындап берді.

А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана ұжымы жазушы Нұрдәулет Ақышқа шынайы алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да әдебиетке қосар үлесі арта берсін деп тілек білдіреді.


Adil

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив