Биыл егіс алқаптарының жалпы аумағы 23,8 млн гектардан асады

Әртараптандыру қағидаттарын енгізу және жоғары сұранысқа ие дақылдарға баса ден қою ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етуге және бағаның ауытқу тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, биыл егіс алқаптарының жалпы аумағы 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылдың көлемінен 180 мың гектарға артық. Майлы дақылдар алқабы 4 млн гектардан, жемшөп дақылдары алқабы 3,3 млн гектардан асады. Қайта өңдеу жобаларын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері алқабы 265 мың гектарға дейін кеңейтілді, ал ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп отырғызу 10 мың гектарға ұлғаяды.



