Жаңалықтар

Өскеменде Жеңіс күні қалай аталып өтті?

Облыс орталығында Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Бүгін Өскемендегі Даңқ мемориалында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырылды. Шараға ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, қала тұрғындары қатысып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым етті.

Жиналған қауым ең алдымен театрландырылған қойылымды тамашалады.

Салтанатты шараға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір халқын Жеңіс күнімен құттықтады.

– Халқымыз үшін қастерлі мереке Ұлы Жеңіс күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бүгін жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Халқымыз «Ел үмітін ер ақтар, ел атағын ел сақтар» деп, Отанына қорған болған азаматтарды ерекше құрметтеген. Елдік жолында күрескен ұландар қашан да ұлықтауға лайық. Біз есімдері тарих бетінен мәңгі өшпейтін аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды! Ерлік даңқы өшпейді! Жеңіс күні мерекесінде Ұлы Отан соғысының оқ бораған даласын да қаза тапқандардың рухына бас иіп, тағзым етеміз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі өз сөзінде есімдері ел тарихында алтын әріппен жазылған ардагерлердің қатары жыл өткен сайын сиреп келетінін атап өтті. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында Ұлы Жеңістің 81-ші көктемін Ұлы Отан соғысының 6 ардагері және үш мыңнан астам тыл еңбеккері қарсы алып отыр.

– Бүгінгі әділетті Қазақстанның берік іргесін қалыптастырып, қасиетті Отанымыздың өркендеуіне септігін тигізген ардагерлерді ардақтап, қазыналы қарттарға қамқорлық таныту ортақ борышымыз. Осынау ұлы күнде әр шаңыраққа шаттық пен ырыс, бақ-береке орнасын. Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Жеңіс жалауы мәңгілік желбіресін, – дейді аймақ басшысы.

Шара барысында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларымызды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов, қала тұрғындары Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

– Әкем Шаймардан Ғабдуллин 1942 жылы 26 маусымда соғысқа аттанды. Ол кісі соғысқа кеткенде мен алты айлық баламын. Ол кезде анам Саудабек 20 жаста болатын. Шешемнің қолында бір ұл, бір қыз қалдық. Ағам екі жаста, мен алты айлық бала едім. Әкем соғыста үш рет қатты жараланды. 1945 жылы әкем анасына соңғы рет Германияның Нойштадт қаласына шабуыл жасағандарын айтып хат жазады. Ол сол қалаға үш рет шабуыл жасап ала алмай, төртінші рет шабуыл жасап ол қаланы алғанда менің әкем қаза тапты. Ол пулемет взводының командирі болды. Әкем 1945 жылы 23 наурызда Нойштадт қаласында қайтыс болды.«Ерлігі үшін» медалімен марапатталған, – деді 84 жастағы қала тұрғыны Роза Шаймарданқызы.

Айта кетейік, сағат 18:00-де Даңқ мемориалы аумағында кешкі концерт өтеді. Сондай-ақ сағат 20:00-де «Өз шырағынды жақ» акциясы ұйымдастырылады. Сағат 21:00-де мерекелік отшашу болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button