Өскеменде «ҮМЗ» зауытында пеш атылып, жұмысшыны күйік шалған

Өскеменде ел естімеген тағы бір апат. «Казцинк» зауытындағы оқиғадан бұрын, 18 сәуір күні Үлбі металлургиялық зауытында бериллий өндірісінде жазатайым оқиға болған. Салдарынан 1984 жылы туған 6-разрядты аппаратшы Ринат Алжановты күйік шалып, қазір ауруханада ауыр халде жатыр әрі шұғыл операция қажет, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Денесінің 60 пайызын күйік шалған жұмысшының жақындары бізге хабарласып, «санавиациямен елордаға алып кетпек боп отырған дәрігерлерге Үлбі металлургиялық зауыты кедергі келтіріп отыр» деп дабыл қағуда.
— Ағамның жағдайы ауыр, оның үстіне жүрек ауруы бар. «Казцинктегі» жарылыстан соң Астанадан дәрігерлер келді ғой, сол мамандар менің де ағамды қарап, шұғыл терісін трасплатация жасап, ота қажеттігін айтты. Бірге алып кетеміз деп отыр, қорытынды бар, рұқсат бар, бірақ кәсіпорын ағамды елордаға жіберуге кедергі келтіріп отыр. Себебі зауытта болған апатты ешкім білмейді, еш жерге ол туралы айтылмады. «Казцинктің» адамын бүгін алып кетеміз, сіздерді алкетпейміз деп отыр, — деді зардап шегушінің қарындасы Арайлым Алжанова.
Ержан Алжановтың апаттан жарты денесі күйіп кеткен. Тамақ іше алмайды, тіпті, дәретке де бара алмайды. Қазір ол Өскемен қаласындағы №1 қалалық ауруханада жатыр. Қарындасының айтуынша, ауруханада тиісті ем-шара мен күтім де жоқ, тіпті, әжетхана жуатын заттарға дейін өздері алған.
Ал зауытта болған оқиғаны зауыт әкімшілігі растап отыр. Аталған факті бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясының жетекшілігімен тергеу комиссиясы құрылғанын да мәлімдеді.
— Бериллийдің бастапқы түрін алу бойынша технологиялық процесті жүргізу кезінде пеште ашық жалынның кенеттен пайда болды. Соның салдарынан оператор аймағында болған 1984 жылы туған ер адам қолы мен денесінің жоғарғы бөлігін термиялық күйік шалып жарақат алды. Жедел жәрдем бригадасы қызметкерді Өскемен қаласындағы №1 қалалық ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауымен медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр, — деді Зауыттың баспасөз қызметі.



