ШҚО-да заңсыз балық аулаған тұрғын ұсталды
«Уылдырық шашу» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында өткізілген рейдтік жұмыстар барысында Зайсан көлінің солтүстік-батыс бөлігіндегі жыл бойы балық аулауға тыйым салынған аймақта заңсыз кәсіппен айналысқан ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнынан «Парсун» маркалы моторы бар қайық және жалпы салмағы 55 келіге жуық көксерке балығы тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі 450 000 теңгеден асты.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
– Су биоресурстарын заңсыз аулау, әсіресе уылдырық шашу кезеңінде және тыйым салынған аймақтарда жүргізілсе, экожүйеге айтарлықтай зиян келтіреді. Бұл балық популяциясының азаюына және табиғи теңгерімнің бұзылуына әкеп соғады, – делінген хабарламада.
ШҚО полиция департаменті мұндай құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.



