Ахмер кентінде 6 көшеге асфальт төселеді
Биыл Өскемендегі Ахмер кентінде 6 көшеге асфальт төсеу жоспарланған, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Ахмер кентінің тұрғындарымен кездесті. Ахмер кентінде биыл 6 көшеге асфальт төсеу жоспарланған. Сонымен қатар алдағы жылдары қалған көшелерді кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жаңадан салынып жатқан үйлерді су және жарықпен толық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
– Жарық мәселесін түбегейлі қарап жатырмыз. 10-15 жыл бұрын жіберілген қателіктер бар. Дегенмен, түзелмейтін қателік жоқ. Барлығын ретке келтіреміз. Осы және келесі жылы көше жарығы мәселесі шешімін табады. Ал көшелерге асфальт төсеу жұмыстары алдағы үш жыл ішінде толық аяқталады, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар облыс әкімі “Заря” саяжай алқабына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда көше жарығы, жаяу жүргіншілер жолына қатысты сұрақтар көтерілді.
Кездесу қорытындысы бойынша аймақ басшысы қала әкіміне көтерілген мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді.



