«Біз міндетімізді орындадық»: Министр гематология орталығы туралы айтты

Осыдан бес жыл бұрын Шығыс Қазақстанда гематология орталығының құрылысы басталған болатын. Ауқымды нысанның құрылыс жұмыстары дер кезінде аяқталмаған еді. Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова гемотология орталығының құрылысын барып көрді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Нысанның құрылысы 2020 жылы басталған. Құрылыс жүріп жатқан Гематологиялық орталыққа барған Ақмарал Әлназарова жобаның бірегейлігі мен ауқымын ерекше атап өтті. Бұл нысан қан ауруларын анықтау мен емдеудің мүмкіндіктерін өңірде ғана емес, бүкіл ел бойынша кеңейтеді. Министр өңір басшысымен бірге жобаның негізгі параметрлерін талқылады.

– Министрлік өз міндеттемелерін толық орындады: қаржыландыру көлемі қажетті деңгейге жеткізілді, арнайы мемлекеттік қор есебінен қаражат бөлінді. Ендігі міндет – мердігер компанияның құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтауы, – деді министр.

Жаңа жоғары технологиялы гематологиялық орталық бірнеше корпустан тұрып, түрлі бағытта қызмет көрсететін болады. Нысан іске қосылған соң өңірде ғана емес, республика бойынша медициналық көмектің сапасы едәуір артады.

– Бұл орталық өңірдің медициналық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады. Енді тұрғындар арнайы, жоғары білікті көмекті алу үшін елордаға немесе ірі қалаларға баруға мәжбүр болмайды. Құрылыс барысы – менің жеке бақылауымда, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен қатар министр болашақ медицина мамандарын дайындайтын оқу орындарына барып, Өскемендегі медициналық колледжінің оқу кабинеттерін, практикалық дайындыққа арналған құрал-жабдықтармен танысты. Оқытушылар және студенттермен кездесуде Ақмарал Әлназарова медицина білімінде болатын алдағы өзгерістерге тоқталды. Кездесуде оқу бағдарламаларын жаңарту, тәжірибеге негізделген оқытуды күшейту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру, өңірдегі медициналық мекемелермен өзара іс-қимыл және білім беру процесін жетілдіру ұсыныстары талқыланды. 

Сондай-ақ министр Өскемен қалалық №2 емханасында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасымен танысып, жалпы практика дәрігерлерінің кабинеттерін аралады. Пациенттермен және медицина қызметкерлерімен тілдесіп, алғашқы медициналық буынның маңыздылығын атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button