ШҚО-дағы мешіттерде Рамазан айына дайындық басталды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің ғалымдарымен ақылдаса отырып, биылғы Рамазан айының басталу күнін белгіледі. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Бұл жөнінде облыстың бас имамы Думан Сайфуллин мәлімдеді.
Ал Қадір түні 26-27 наурызға қараған түні өтеді. 30 наурыз күні Ораза айт мерекесі тойланады.
– Биылғы пітір садақаның мөлшері 655 теңге деп бекітілді. Бұл – 2 келі ұнның орташа бағасына негізделіп есептелген, ол мұқтаж жандарға көмектесу үшін беріледі, – деді Думан Сайфуллин.
ҚМДБ-ның fatua.kz ресми сайты мен арнайы Muftyat.kz сайтының Telegram-боты арқылы Рамазанға қатысты сұрақтарға жауап алуға болады. Сонымен қатар мешіттерде арнайы сұрақ-жауап бөлімдері жұмыс істейді.



