Жаңалықтар

Өскеменде облыстық Ақтан Нұрбаев оқулары өтті

Облыс орталығында Алтайдың арынды ақыны, айтыс өнерінің үздігі, жазба поэзияда өзіндік өрнек қалдырған Ақтан Нұрбаевтың шығармашылығына арналған «Ақтанымын Алтайдың» облыстық оқулары өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Шараның өтуіне  А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасы және «Ақтан Нұрбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық ақындар мектебі» ұйытқы болды.

– Байқаудың басты мұраты – жас ұрпақты ұлттық рух пен поэзия құдіретімен қауыштыру, Ақтан Нұрбаев мұрасының мәні мен маңызын кеңінен таныту, өлең өлкесіне бет бұрған өрендердің талантына жол ашу,  – дейді ұйымдастырушылар.

Додаға облыстың әр түкпірінен келген 11 үміткер қатысты. Өскемен қаласының оқушыларымен қатар Тарбағатай, Самар өңірлерінен келген жас дарындар да ақын жырын жатқа оқып, жүрек түкпіріндегі сезіммен өрнектеді. Олар алдын ала берілген 20 өлеңді мәнерлеп оқумен қатар, сөз саптау, дауыс, бейнелеу қабілеті секілді шеберлік қырларынан сынға түсті.

Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен, алғыс хаттармен марапатталды. Байқау жеңімпаздары:

Бас жүлде — Өсерхан Інжу

1-орын — Кәсіп Айым

2-орын – Нұржан Жаннұр

3-орын – Дастан Айзере

Ұлттық руханияттың мәйегі болған осынау шара — жас ұрпақпен бірге поэзияның болашағын айқындап, Ақтан жырын қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды. Жас таланттардың жүрек тебіренте оқыған поэзиялары әлемінің есігін айқара ашып, рух пен шабытқа толы кешті естен кетпес мерекеге айналдырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button