Жаңалықтар

«Қан кешкен ханзадалар» кітабының тұсаукесері өтті

А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасында Жәди Шәкенұлының «Қан кешкен ханзадалар» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Кездесуге зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары және студенттер қатысты.

Жәди Шәкенұлы – жазушы, әдебиет, тарих зерттеушісі, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағы және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Шыңғысхан академиясының, Тарих және Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі. Ол 1967 жылы 5 мамырда Қытай аумағына қарасты Алтай аймағында Ертіс өзені жағасындағы Шірікши ауылында дүниеге келген. 1985 жылы Алтай аймақтық педагогика мектебін, 1991 жылы ШҰАР ағарту инситутын, 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік унверситетінің аспирантура (филология) бөлімін тәмамдаған.

«Қан кешкен ханзадалар» кітабы бірнеше әулеттен тараған әлемге әйгілі тарихи тұлғалар өмірі хақында тың деректер ұсынады.Шыңғыс ханнан Тәуекел, Ораз-Мұхаммедке дейін, Тұғырыл ханнан Тайбұға, Сейдаққа дейінгі ханзадалар тарихынан сыр шертеді.

– Тарихи шығарма жазғанда, оқиға өрбіген жерді көріп барып жазу – менің сүйікті тәсілім. Шындық пен көркемдіктің кілті сол далада жатыр. Сен даламен тілдесесің, ол да саған сырын ақтарып, қаламыңа қанат бітіреді. Өр Алтай жерінде, Ертіс жағасында туып-өскенім де шабыт берді, – дейді Жәди Шәкенұлы.

Жәди Шәкенұлының «Ақбота», «Балқаймақ», «Қытайдағы қазақтар», «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Жәнібек батыр» атты кітаптары жарық көрген. «Ақбота» кітабы Қытайда, «Ақбалапан» кітабы Түркияда басылып, өзге ел оқырмандарының оң бағасын алды.

Балаларға арналған мысал әңгімелері Қазақстан Республикасының бастауыш сыныптарының «Ана тілі» оқулығына, зерттеулері әдебиет теориясы жинақтарына енген.

«Талбесік» (ҚХР ақындары), «Жиһаншах» (Ақыт Үлімжіұлы), «Оспан батыр», «Жас толқын», «Толғауы тоқсан қызыл тіл», «Армысың Атамекен», «Күнгей бет» (ҚХР ақындары), «Ер Жәнібек» (1-том), «Оспан», «Жүзім бағы» кітаптарын құрастырып шығарды. Шығармалары түрік, қытай, иран тілдеріне аударылған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button