ШҚО-да жүз мыңнан астам тұрғынның МӘМС жарнасы жоқ
Енді кейбір азаматтардың МӘМС жарнасы жергілікті бюджеттен төлене бастайды. Өйткені Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қолжетімділік кеңейіп келеді. Жаңа ережелер бойынша бұған дейін жүйеге кірмеген азаматтар да сақтандырылған мәртебеге ие болады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 105 мыңнан астам адам, яғни облыс халқының 14,6 пайызы сақтандырылғандар қатарына кірмей отыр.
Бұл мәселе 7 шілдеде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасынан кейін шешімін таба бастады.
– Мемлекет басшысы әлеуметтік осал топтар үшін жарналарды жергілікті бюджет есебінен төлеу керек екенін нақты айтты. Бұл әкімдіктерге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы директорының орынбасары Ирина Степанова.
2025 жылғы шілдеден бастап жаңа ережелер күшіне енді. Енді жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік жағдайы күрделі және дағдарыстық деңгейдегі азаматтар (D және E деңгейлері) үшін жарна төлейді. Сонымен қатар ресми тіркелген жұмыссыздар да тізімге енгізілді.
Балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да жеңілдікке ие азаматтар үшін жарнаны мемлекет бұрынғыдай төлей береді. Бұл төлемдер республикалық бюджеттен бөлініп, олардың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жоспар бойынша мемлекеттік жарна көлемі кезең-кезеңмен артады: 2027 жылы 2,2%-ға, 2037 жылға дейін 4,7%-ға дейін көтеріледі.



