Ерлан Қошанов «Лу Бань шеберханасымен» танысты
Шығыс Қазақстан облысына Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов депутаттарды бастап келді. Ол өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысан мен кәсіпорынның жұмысымен танысты. Кездесулерге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Мәжіліс Спикері сапарын Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне барудан бастап, «Лу Бань шеберханасы» деп аталатын бірегей оқу орталығының жұмысымен танысты. Мұнда студенттер озық автомобиль технологияларын зерттейді, соның ішінде электромобильдерді жөндеу және пайдалану, көлік ағынын басқарудың цифрлық шешімдерін енгізу бойынша білім алады. Аталған шеберхана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2023 жылғы мамырда Сианда өткен «Орталық Азия – Қытай» саммиті барысында қол жеткізген уағдаластықтары аясында ашылды.
– «Лу Бань шеберханасы» арқылы біз әлемдік технологияларды елге әкеліп, жастарды болашақ техникалық жоғары кәсіби мамандықтарға даярлаймыз. Мұнда оқыған түлек – ертеңгі күні өндіріс орнында дайын инженер, автосервис маманы, механика саласының шебері болып шығады. Бұл Мемлекет басшысы айтқан «Еңбек адамы – экономиканың басты тірегі» деген сөзінің іс жүзінде орындалуы. Міне, Өскемен қаласында ашылған «Лу Бань шеберханасы» – осы стратегиялық бағыттың нақты жемісі, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Спикері мұндай шеберхана жұмысы әлемнің ең ірі экономикасына айналған көршілес Қытаймен білім саласындағы жоғары деңгейдегі серіктестіктің үлгісі екенін айтты. Екінші шеберхана биыл күзде Астанада, үшіншісі Алматыда ашылады.
Шеберхана шетелдік жоғары оқу орнының өкілдігі мәртебесінде жұмыс істейді және ҚХР Тяньцзинь кәсіби институтымен бірлескен жоба саналады. Мұнда Қазақстанның және өзге де 12 елдің 400-ден астам студенті көлік техникасымен, электромобильдермен, гибридті қондырғылармен, цифрлық платформалармен және жасанды интеллектпен байланысты бағдарламалар бойынша білім алады. Дайындық бакалавриаттан бастап докторантураға дейінгі барлық деңгейде жүргізіледі, ал оқытушылар жыл сайын Тяньцзиньде тағылымдамадан өтеді.
Шеберханада бес заманауи зертхана, соның ішінде бензин, гибридті және электр көліктерін диагностикалауға арналған кешен, сондай-ақ интеллектуалды көлік жүйелерін модельдеу және сынау зертханалары бар. Студенттер Haval және BYD автомобильдері бойынша білім алады, қозғалысты автономды басқару жүйесі бар «ақылды қала» макеттерін пайдаланады және Allur отандық автоконцерні негізінде дуалды оқудан өтеді.
Өз кезегінде, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылы тамызда іске қосылатын «Smart Driving Technology» инжиниринг орталығының жобасын таныстырды. Орталық автопилоттау, жасанды интеллект және телематика жүйелерін әзірлеумен және тестілеумен айналысады. Зерттеулерден бөлек, мұнда отандық Allur, Astana Motors компанияларының инженерлері мен әзірлеушілеріне арналған біліктілікті арттыру курстарын, тренингтер өткізу жоспарлануда. Жаңа орталық интеллектуалды көлікті дамыту саласындағы еліміздің ғылыми және өнеркәсіптік әлеуетін нығайтады.



