Өскеменде мемлекетаралық іздеуде жүрген ер адам ұсталды
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Өскеменде он жылға жуық уақыт мемлекетаралық іздеуде болған 55 жастағы шетел азаматын ұстады, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Анықталғандай, 2007 жылдың желтоқсанында тұрмыстық жанжал кезінде ер адам танысына пышақ жарақатын салып, денсаулығына ауыр зиян келтірген. Сот оны сырттай 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Алайда ол жазасын өтеуден жалтарып, бой тасалаған. 2016 жылдың соңында мемлекетаралық іздеуге жарияланған.
– Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оны іздеп жатқан тарапқа хабар берілді. Биыл желтоқсан айында оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін тиісті елге беру рәсімі жоспарланған, – делінген ШҚО Полиция департаментінің хабарламасында.



