Өскеменде үздік IT-командалар анықталды

Өскемен қаласында жас бағдарламашылар мен IT саласына қызығушылық танытқан таланттарды біріктірген CodeMasters Hackathon 9.0 технологиялық хакатоны өз мәресіне жетті. Байқау қорытындысы бойынша үздік үш команда 1 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қорын өзара бөлісті.
6–13 қараша аралығында Oskemen Hub өңірлік IT-хабының базасында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылған CodeMasters Hackathon 9.0 хакатоны өтті.
CodeMasters Hackathon 9.0 хакатонының негізгі міндеті – Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасына арналған веб-сайт әзірлеу болды.
Хакатон жастардың технологиялық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар бағдарламалау, командалық жұмыс және цифрлық өнімдерді әзірлеу саласындағы қабілеттерін көрсетті. Байқау барысында командалар өз жобаларын жетілдіріп, қойылған міндеттерге тың шешімдер іздеп, финалдық таныстырылымға дайындалды.
Іс-шараның шешуші кезеңі Pitch Day болды. Финалда қатысушылар өз жұмыстарының нәтижелерін таныстырып, әзірлеген IT-шешімдерінің функционалдық мүмкіндіктері мен тәжірибелік маңызын көрсетті. Қорытынды кезеңде техникалық дайындық деңгейі жоғары, идеяларын сапалы жүзеге асыра алған үздік командалар анықталды.
CodeMasters Hackathon 9.0 жеңімпаздары
Бірінші орынды Tovarishestvo Alexandra командасы иеленіп, 500 мың теңге көлемінде сыйақы алды.
Екінші орын Whyred командасына (300 мың теңге), ал үшінші орын Arrakis командасына (200 мың теңге) бұйырды.
Ақшалай сыйлықтардан бөлек, қатысушыларға Oskemen Hub атынан брендтелген естелік сыйлықтар табысталды.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Жоғары IT колледжі студенттерінің жетістігі ерекше назар аударуға тұрарлық. Аталған оқу орнының командалары бірден екі жүлделі орынды иеленді. Бұл нәтиже өңірдегі жас IT-мамандардың жоғары дайындық деңгейін және алған білімдерін тәжірибеде тиімді қолдана алатынын көрсетеді.
CodeMasters Hackathon – бағдарламашылар арасындағы жай ғана жарыс емес, өңірлік стартап-экожүйені қалыптастыруға ықпал ететін маңызды бастама. Мұндай жобалар жас таланттарға тәжірибе жинақтауға, кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға және өздерінің технологиялық өнімдерін жасау жолындағы алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік береді.
CodeMasters Hackathon хакатонының тоғызыншы рет өткізілуі Oskemen Hub-тың Шығыс Қазақстандағы IT-қоғамдастықты дамыту, болашағы зор жас әзірлеушілерді қолдау және технологиялық кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді.
Oskemen Hub жас IT-таланттарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, технологиялық идеяларды нақты жобаларға айналдыруға және Шығыс Қазақстан облысының цифрлық экономикасын дамытуға өз үлесін қосуды жалғастыруда.



