«Әділет» партиясы «Prime motors» ЖШС ұжымына өңірді дамыту бағдарламасын таныстырды

BYD, TANK және Changan автомобиль брендтерінің ресми өкілі болып табылатын «Prime motors» ЖШС автосалонында кәсіпорын ұжымымен кездесу өтті.
Облыстық мәслихат депутаттығына париялық тізіммен ұсынылған кандидат Роман Маглий қызметкерлермен кәсіпкерлікті дамыту, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және бизнеске қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелерін талқылады.
«Кәсіпкерлік дегеніміз — тек тауар мен қызмет көрсету ғана емес. Оның артында жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері, заманауи технологиялар және адамдардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жол ашатын мүмкіндіктер тұр. «Prime motors» секілді кәсіпорындар — өңір экономикасының маңызды бөлігі. Бизнестің тұрақты дамуы үшін түсінікті ережелер, әділ бәсекелестік және ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік беретін қолайлы орта қажет», — деді кандидат.

Сондай-ақ ол «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасында белгіленген міндеттерді таныстырды. Атап айтқанда, құжатта 2031 жылға қарай шағын және орта бизнес субъектілері өндіретін өнім көлемін 20 пайызға арттырып, 3,33 триллион теңгеге жеткізу көзделген. Бұдан бөлек, «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында жыл сайын кәсіпкерлік субъектілерінің 90 пайызын мемлекеттік қолдау шараларымен қамту міндеті қойылған.
«Мемлекеттік қолдау қолжетімді әрі нақты нәтиже беруге тиіс. Кәсіпкерге жай ғана шаралар емес, кәсібін өркендетуге мүмкіндік беретін пәрменді тетіктер қажет. Өндірісті кеңейту, заманауи технологияларды енгізу, қызмет сапасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жағдай жасалуы керек. Сонымен қатар нарықтың барлық қатысушысына кәсіп жүргізудің тең мүмкіндіктері берілуі маңызды», — деп атап өтті Роман Маглий.
Өңірлік бағдарламада 2026-2031 жылдары негізгі капиталға шамамен 4,54 триллион теңге инвестиция тарту да көзделген. Бұл ретте инвестиция көлемімен қатар оның өңір экономикасына берер нақты нәтижесіне басымдық берілмек. Яғни жаңа өндіріс орындарын ашу, технологияларды жаңарту және тұрақты жұмыс орындарын құру маңызды міндеттердің қатарында.

Кездесу соңында Роман Маглий алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру өңірлік деңгейдегі шешімдермен ғана шектелмейтінін, бұл іске әрбір тұрғынның азаматтық белсенділігі де қажет екенін атап өтті.
«Егер сіздер біздің мақсаттарымызды қолдап, ұсынылған бағдарламаның басым бағыттарымен келіссеңіздер, алдағы сайлауда «Әділет» партиясына дауыс беруге шақырамын. Бірлесе күш жұмылдыру арқылы өңіріміздің дамуына, экономикамыздың нығаюына және тұрғындардың лайықты өмір сүруіне кең мүмкіндіктер ашуға үлес қоса аламыз», — деп түйіндеді сөзін кандидат.
Дайындаған: «Әділет» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Мекеева Ж.Ж
«Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда» партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ-ның сайлау қорынан төленді.



