40 жылдан астам уақыт жөнделмеген жол: Раздольное ауылында асфальт төселді
Самар ауданына қарасты Раздольное ауылының жолына асфальт төселді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, 40 жылдан астам уақыт бойы ауылға кіреберіс жол мен елді мекен ішіндегі көшелер жөндеу көрмей, қиыршық тас төселген күйінде қалған. Әсіресе көктем мен күзде жаңбыр жауғаннан кейін жолға су жиналып, шұңқырлар көбейіп, көлік қатынасы қиындайтын.
Көп жылдан бері шешімін таппай келген мәселе тұрғындардың облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановпен кездесуі кезінде көтерілген болатын. Осыдан кейін мәселе өз шешімін тауып, биыл жазда ауылға кіреберіс негізгі жолдан бастап елді мекеннің ішіне дейінгі 3,5 шақырымнан астам жол жөнделді.
– Жаңа жолдың арқасында енді Раздольное ауылына жедел жәрдем көліктері, такси мен тауар жеткізушілер кедергісіз қатынай алады. Бұл жергілікті дүкеннің жұмысын да жеңілдетті. Бұған дейін жолдың нашарлығына байланысты дүкен иесі қажетті тауарларды қалаға өзі барып сатып алуға мәжбүр болған, – делінген хабарламада.
Алдағы уақытта ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт салу және ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту үшін антенна-діңгек құрылғысын орнату жоспарланып отыр.



