ШҚО-да үш балықшы суға батып кетті

Шемонаиха ауданындағы Зевакино ауылының маңы Ертіс өзенінің жайылмасында әлі толық қатпаған мұз үстіне шыққан үш балықшы суға батып кетті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Олардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған.
– Қаза тапқандар 1984, 1960 және 1967 жылы туған азаматтар. Ер адамдар құтқару кеудешелерін кимеген. Олардың денелерін ШҚО ТЖД сүңгуірлері судан алып шықты, – деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқарушылар мұз үстінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Алғашқы аяз түскен кезде су айдындарындағы мұз қата бастайды. Алайда мұздың сырттай берік көрінуі оның қауіпсіз екенін білдірмейді.
ШҚО ТЖД «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына» сәйкес, қалыңдығы 25 сантиметрден аз мұз үстіне шыққан кезде өзіңізбен бірге ысқырық, құтқару кеудешесі, мұзға арналған сүймен (шильце), диаметрі кемінде 11 мм, ұзындығы кемінде 12 метр арқан және ұзындығы кемінде 2 метр таяқ болуы қажеттігін ескертеді.



