Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толығымен бас тартады
2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026 жылдың соңына дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін 3704 ауылға жеткізу жоспарланып отыр, бұл – елдегі ауылдардың жалпы санының 61%-ы. Келесі жылы тағы 1863 ауыл талшықты-оптикалық байланыспен қамтамасыз етіліп, жалпы қамту 92%-ға жетеді. Қалған 8%-ы спутниктік интернетпен қамтылады.
– Ауылдарды мобильді интернетпен қамту 84%-ды құрайды. 3G базалық стансаларын 4G-ге дейін жаңғырту жүргізілуде. Сондай-ақ қалалар мен ауылдарда 5G байланысымен қамту кеңейтілуде. 2027 жылдың соңына қарай 3G-ден толығымен бас тарту жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін 4G желісі 5291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы керек. Нəтижесінде мобильді интернет еліміздегі ауылдардың 92%-ына қолжетімді болады, – деді Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ, министр әкімдіктер базалық станцияларды орнатуға жер учаскілерін уақтылы бөліп, электр желісін тартуы тиіс екенін атап өтті. Бұл операторларға мобильді байланыс желісін тезірек кеңейтуге мүмкіндік береді.



