Өскемендік дзюдо бапкері Отан алдындағы борышын өтеп жүр

Ұлттық ұланның 3477 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген өскемендік Бақытжан Ануарбек – дзюдо мен қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат, облыстық және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Бірнеше жыл бойы жас спортшыларды жаттықтырған ол енді әскери қызметте Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жүр.
2004 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Жаңа-Қанай ауылында дүниеге келген Бақытжан сегіз жасынан бастап дзюдомен айналысады. Кейін қазақ күресіне де ден қойып, қос спорт түрінен шеберлігін шыңдады.
2021–2026 жылдар аралығында облыстық жарыстарда бірнеше мәрте чемпион атанып, халықаралық додаларда да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, 2024 жылы Ресейдің Горно-Алтайск қаласында өткен қазақ күресінен халықаралық турнирде қола жүлдеге ие болса, 2026 жылы Өскеменде ұйымдастырылған халықаралық жарыста үшінші орын алды.

Бақытжан Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде дене шынықтыру мамандығы бойынша жоғары білім алған. 2023 жылдан бастап Өскемен қаласындағы «Алтын ұя» оқу орталығында және «Намыс» дзюдо клубында жаттықтырушы болып жұмыс істеп, жас спортшыларға тәлім берген.
2026 жылдың күзгі шақырылымында әскери қызметке өз еркімен келген жас сарбаз енді Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінде бір жыл бойы әскери міндетін атқарады. Осы кезеңде ол мемлекеттік маңызы бар стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады.
Бақытжанның айтуынша, спорттағы тәжірибесі әскери ортаға бейімделуіне көмектескен.
«Спорт та, әскери қызмет те тәртіпті, шыдамдылықты және табандылықты талап етеді. Екеуіне ортақ қасиет – өз міндетіңді адал атқару. Әскери қызметімді абыроймен аяқтап, Отан алдындағы борышымды толық орындағым келеді», – дейді сарбаз.
Қазіргі уақытта ол дзюдо мен қазақ күресінен спорт шеберлігіне кандидат. Алдағы мақсаты – 66 келі салмақ дәрежесінде Шығыс Қазақстан облысының құрамасы сапында өнер көрсетіп, өңір намысын қорғау. Сондай-ақ жаттықтырушылық қызметін жалғастырып, жас буынның спортқа қызығушылығын арттыруды көздейді.
Жас сарбаздың пікірінше, спорт адамды тек физикалық тұрғыдан шынықтырып қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке және қиындыққа мойымауға тәрбиелейді. Сондықтан ол жастарды спортпен шұғылданып, алдына нақты мақсат қойып, сол жолда табанды еңбек етуге шақырады.




