Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды тірегі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев III Ауыл шаруашылығы қызметкерлері форумында сөз сөйлеп, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың басым бағыттары мен алдағы міндеттерін айқындады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, отандық шаруаларды қолдау, мал және өсімдік шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсарту, шаруалардың қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын көтеру қажеттігін атап өтті.
Ауқымды жиынға Шығыс Қазақстан облысынан да аграрлық саланың өкілдері қатысты. Олардың қатарында мал өсірушілер, фермерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және сала мамандары бар.

Шығыс Қазақстан – ауыл шаруашылығының өзіндік әлеуеті мен қалыптасқан дәстүрі бар өңір. Сондықтан Мемлекет басшысы көтерген міндеттер мен жаңа бастамалар аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту үшін маңызды бағдар болмақ.
Мұндай басқосулар – тәжірибе алмасып қана қоймай, елдің аграрлық саласына ортақ мақсат-міндеттерді айқындап, ауыл еңбеккерлерінің үнін жеткізетін маңызды алаң.
Ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі. Ал адал еңбек пен берекелі шаруашылық – осы дамудың берік негізі.



