Гематология орталығы науқастарды қабылдауға дайын ба ?
Жақында Өскеменде Гематология орталығының ресми ашылуы өтті. Қазіргі таңда медициналық мекемені іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Гематология орталығын Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының балансына беру жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар басталды.
Сонымен қатар медициналық жабдықтарды әзірлеу, штат құрамын медицина қызметкерлері және өзге де мамандармен жасақтау, қажетті рұқсат құжаттарын алу, құрылымдық бөлімшелердің жұмысын ұйымдастыру қажет. Ұлттық сараптама орталығының қорытындысын алу үшін тиісті зерттеулер мен зертханалық талдаулар жүргізілуі тиіс.
– Гематология орталығының жұмысын бастау 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр, – делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.
Жаңа медициналық мекемеге Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының кардиология және кардиохирургия бөлімшелерінің дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар мен сәулелік диагностика қызметкерлерін ауыстыру жоспарланып отыр.
Кадр тапшылығын шешу мақсатында республикалық бюджет есебінен резидентурада балалар онкологиясы және гематологиясы бағыттары бойынша екі маман білім алып жатыр. Олар өңірге 2027–2028 жылдары келеді деп күтілуде. Тағы екі резидент «Радиология» мамандығы бойынша оқып жатыр. Олар 2027 жылы келеді деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен резидентурада төрт кардиолог білім алып жатыр. Олар 2027 жылы өңірдің медициналық кадрлар қатарына қосылады деп күтілуде.
Медициналық мекеме іске қосылғанда ересектерге арналған 65 төсектік кардиология бөлімі, ересектерге арналған 20 төсектік кардиохирургия бөлімі, ересектерге арналған 25 төсектік гематология бөлімі, балаларға арналған 24 төсектік гематология бөлімі, 12 төсектік сүйек кемігін трансплантациялау бөлімі, бір ауысымда 150 келушіні қабылдайтын консультативтік-диагностикалық бөлімін ашу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, орталық Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.



