ШҚО-да мұғалімді балағаттаған 17 жастағы оқушыға айыппұл салынды

Марқакөл аудандық соты 17 жастағы оқушыға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 30 275 теңге көлемінде айыппұл салды.
Сот анықтағандай, 19 қазан күні сабақ барысында жасөспірім сыныптастарының көзінше сынып жетекшісін былапыт сөздермен балағаттап, қоғамдық тәртіпті бұзған. Оның әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған.
– Сот отырысында оқушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдіріп, мұғалімнен кешірім сұраған. Оқиға мән-жайы іс материалдарымен расталған. Айыппұл тағайындау кезінде сот оқушының жасын, кінәсін мойындауын және өкінуін, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 66-бабында көзделген кәмелетке толмағандарға әкімшілік жаза қолдану ерекшеліктерін ескерді, – делінген облыстық соттың хабарламасында.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.



