ШҚО-да Байжігіт оркестрінің 25 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті
Өскеменде Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің 25 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, өнер ұжымын айтулы белесімен құттықтады.
«Қазақ үшін күй – жай ғана әуен емес, ұлттың жадында сақталған тарих, бабалардан жеткен аманат, халықтың қуанышы мен мұңын, арман-мұратын жеткізген қасиетті өнер. Сол өнердің алтын арқауын үзбей, ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан оркестрдің ширек ғасырлық шығармашылық жолы – ұлттық руханиятымыздың шежірелі белесі. Оркестр талай сахнаның төрінен көрініп, республикалық және халықаралық өнер додаларында кәсіби шеберлігімен танылды. Шығыс Қазақстанның мәдени мәртебесін биіктетуге қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін! Мерейтой құтты болсын!», – деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов оркестр ұжымына 20 миллион теңгенің сертификаты мен Алғыс хаттар табыс етті.
Концертке Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолиядан келген белгілі өнер қайраткерлері, дирижерлер мен кәсіби орындаушылар қатысты.
Мерекелік бағдарламада Қырғыз Республикасының халық әртісі Бақыт Тілегенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дәурен Ғылымов пен Нұржан Бажекенов, Моңғолияның мәдениет саласының өкілі Тұрар Ерболұлы және өзге де өнер майталмандары өнер көрсетті.
Сондай-ақ сахнада «An.Sal.Dar» тобы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, Нұргүл Қабдоллаева, Ботагөз Жұмабекова, Арника Байбусынова және жас орындаушылар өнерлерін ортаға салды.



