Өскеменде Дүниежүзілік шала туған балалар күні аталып өтті

Өскемендегі Ана мен бала орталығында Дүниежүзілік шала туған нәрестелер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Ата-аналар мен балалар үшін арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында ата-аналар балалары туралы естеліктерімен бөлісіп, дәрігерлерге алғысын білдірді.
– Мен Бекасыл Рауанұлының анасы боламын. Балам 28 аптада 730 грамм салмақпен дүниеге келді. Ауруханада 93 күн жаттық. Қазір денсаулығы жақсы, екі жаста. Барлық дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысымды айтамын, – деді қала тұрғыны Алтынай Белгибаева.
Жиынға қатысқан аналардың бірі Әсел Жұбатханова да үш баласының үшеуі де мерзімінен бұрын дүниеге келгенін айтты.
– Менің үш балам да мерзімінен бұрын туды. Үлкенім 34 аптада 1851 грамм салмақпен дүниеге келді. Реанимацияда үш күн, ал нәрестелер патологиясы бөлімінде 20 күн жаттық. Ол кезде біз үшін өте қиын болды. Қазір үлкенім он жаста. Екінші ұлым 37 аптада, ал кенжем 36 аптада дүниеге келді. Олардың салмағы 3000 және 3800 грамм болды. Үш рет кесарь тілігі жасалды. Әр босанған сайын дәрігерлерден бірінші сұрайтыным – баламның салмағы қанша грамм болғаны. Алғашқы босанудан кейін осындай қорқыныш бойда қалып қояды екен. Дегенмен, Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы. Дәрігерлерге алғысым шексіз, – деді Әсел Жұбатханова.



