ШҚО-да қар көшкіні қаупі бар кезең басталды
15 қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупі бар кезең басталды, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
Шығыс Қазақстан облысы қар көшкіні жүру қаупі жоғары өңірлердің бірі саналады. ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ ШҚ филиалының қызмет көрсету аумағында 325 қар көшкіні жинақталатын учаске, 93 шақырым автомобиль жолы қар көшкіні әсер ету аймағында, сондай-ақ мереке және демалыс күндері демалушылар саны 3000 адамнан асатын туристік және шаңғы базалары орналасқан.
– «Қазселденқорғау» мамандары 20 қар өлшеу және қар көшкіні маршруттарын әзірледі. Оларға 160 қар өлшеуіш тақтайшалар орнатылған. Қар көшкіні жинақталатын учаскелердің жалпы жай-күйін, қар көшкіні жүру қаупінің бар-жоғын, қар массасының жиналу деңгейін анықтау және қар құрылымын зерделеу мақсатында қар көшкіні қаупі бар учаскелерге апта сайын далалық тексеру жүргізіледі. Қысқы кезеңде демалыс аймақтарында, шаңғы базаларында және автомобиль жолдарының бойында үш тілде жазылған 40 ескерту қалқаны уақтылы орнатылды», – деп хабарлады «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан филиалының өкілдері.
Биыл өңірде 20 қар көшкіні бақылау маршруты жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, былтыр қар көшкінін алдын алу мақсатында 14 профилактикалық түсіру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 5231 текше метр қар түсірілді.
– Таулы аймақтарға шығар алдында ауа райы жағдайымен міндетті түрде танысу қажет. «112» қызметінен дауылды ескерту алған жағдайда тәуекелге бармай, қар көшкіні қаупі бар маршруттарда болмауға шақырамыз, – деді ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ануар Қайсанов.



