Жаңалықтар

Өскеменде «TUMAR» журналының жаңа шығарылымының тұсаукесері өтті

Өскеменде «TUMAR» журналының екінші шығарылымының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.

Іс-шараға кәсіпкерлер, жоба серіктестері, журналды әзірлеуге атсалысқан жандар қатысты.

«TUMAR» бизнес-қоғамдастығы журналдың таныстырылымын қайырымдылық бастамамен ұштастырды.

Іс-шара аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар үш балаға бір жыл бойы білім алуға мүмкіндік беретін сертификат табысталды. Балалар тоғызқұмалақ, ағылшын тілі және медицина бағыттары бойынша білім ала алады. Пилоттық жоба кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Оқуды аяқтағаннан кейін балалардың алдағы уақытта жұмысқа орналасуына жәрдемдесу қарастырылған.

Кәсіпкер Мақпал Түсіпованың айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарын толғандыратын басты мәселе – балалардың білім алып, болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау.

– Ата-аналар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларының болашақта өздігінен өмір сүріп, қаржылық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ете алатынына сенімді болғысы келеді. Жазда аналармен осы мәселені талқылаған кезде, мұндай жобаны жүзеге асыру мүмкін емес сияқты көрінген еді. Алайда кәсіпкерлердің қолдауымен бұл бастаманы қолға алдық. Кәсіпкерлер балаларды бір жыл бойы әртүрлі бағыт бойынша оқытуға ниет білдірді. Жоба аясында балалар тоғызқұмалақ, ағылшын тілі және медицина бағыттары бойынша білім алады, – деді Мақпал Түсіпова.

Кәсіпкер бұл – пилоттық жоба екенін атап өтті.

–  Біз бұл бағытта кәсіби маман емеспіз, сондықтан алдымен тәжірибе жүзінде байқап көргіміз келеді. Егер бір жылдан кейін балалар жұмысқа орналасудан бас тартса, ешкім оларды мәжбүрлемейді, – дейді Мақпал Түсіпова.

Da Bilim Center орталығының жетекшісі Дина Әшімжанова балалардың біріне бір жылдың ішінде ағылшын тілін оқыту әдістемесін меңгертіп, мұғалімдік қызметке дайындауды жоспарлап отыр.

– Біз бұл салада алты жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Офлайн және онлайн форматта сабақ беретін оқытушыларымыз бар. Қазіргі уақытта онлайн бағыттағы жұмысымызды да кеңейтіп жатырмыз. Мақпал Түсіпова осы бастаманы көтергенде, мен оны бірден қолдадым. Себебі күнделікті балалармен жұмыс істейтіндіктен, сапалы білімнің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Бұл бастаманы өте игі іс деп санаймын, – деді Дина Әшімжанова.

Оның айтуынша, қазір аталған орталықта онлайн және офлайн форматта күн сайын сабақ беретін 15-тен астам оқытушы жұмыс істейді.

– Ең бастысы – баланың ынтасы мен қызығушылығы болуы керек. Оқу аяқталғаннан кейін өз қалауымен жұмыс істегісі келсе, орталығымызға жұмысқа орналасуына да мүмкіндік бар, – деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button