«Шығыс» өңірлік қолбасшылығында жазғы оқу кезеңінің қорытындысы шығарылды
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасында 2026 жылғы жазғы оқу кезеңінің қорытынды тексерісі аяқталды. Бірнеше күнге созылған тексеріс барысында әскери қызметшілер кәсіби даярлық деңгейін көрсетіп, теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын сынақтан өткізді. Бұл туралы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Тексеру бағдарламасы жауынгерлік және қызметтік даярлықтың негізгі бағыттарын қамтыды. Әскери қызметшілер кәсіби-лауазымдық, мемлекеттік-құқықтық, дене шынықтыру, атыс және арнайы даярлық пәндері бойынша сынақ тапсырып, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеру деңгейін көрсетті.
Әсіресе штаттық қарумен жұмыс істеу дағдыларына баса назар аударылды. 5518 әскери бөлімінің базасында қатысушылар тактикалық-атыстық даярлық бойынша нормативтер орындап, атыс қаруын сенімді меңгеретінін және белгіленген талаптарға сай әрекет ете алатынын дәлелдеді.
Дене даярлығы да тексерістің маңызды кезеңдерінің бірі болды. Бұл бағытта әскери қызметшілер білтемірге тартылу, сондай-ақ 100 және 1000 метр қашықтыққа жүгіру бойынша нормативтер тапсырды.
Қорытынды тексеріс басқарманың жалпы даярлық деңгейін бағалауға ғана емес, әрбір әскери қызметшінің жеке нәтижесін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар нормативтерді сәтті орындау мен жоғары баға алу әскери қызметшілердің сыныптық біліктілігін растау және арттыру кезінде ескеріледі.



