Марат Уәлиев: Защита және Нефтебаза шағын аудандарын дамыту – басым бағыттардың бірі

Өскемен қалалық мәслихатының №21 бірмандатты сайлау округі бойынша депутаттығына кандидат Марат Мұталұлы Уәлиев 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Бағдарламада инфрақұрылымды жаңарту, абаттандыру, экологиялық қауіпсіздік және экономиканы дамыту мәселелері қамтылған.
Марат Уәлиев 1966 жылғы 26 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Маралды ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Өскемен қаласына қоныс аударған.
Оның теміржол саласындағы еңбек жолы 1988 жылғы шілде айында Защита станциясында вагондардың қозғалыс жылдамдығын реттеуші қызметінен басталды. Содан бері 38 жылдан астам уақыт теміржол саласында еңбек етіп келеді.
Осы жылдар ішінде ол пойыз құрастырушысының көмекшісі, пойыз құрастырушы, маневрлік диспетчер, станция бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Кейін Защита станциясының бастығы, жол бөлімшесі директорының жүк жұмысы жөніндегі орынбасары сияқты басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.
Марат Уәлиев М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Теміржол көлігіндегі тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірген. Теміржол тасымалын ұйымдастыру және басқару инженері біліктілігін алған.
Көп жылғы еңбегі «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен, «Теміржол саласындағы 30 жыл мінсіз еңбегі үшін» наградасымен және «Қазақстан темір жолына 120 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.
Кандидаттың айтуынша, теміржол саласында жинақтаған тәжірибесі тұрғындар көтеретін мәселелерді түсінуге және оларды шешу жолдарын жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік береді.
Спорт кешені мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру
Сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі – Защита шағын ауданында спорт кешенін салу. 2028 жылға дейін Вострецов көшесіндегі №4 үй мен М. Тынышпаев көшесіндегі №122 үйдің арасындағы учаскеде спорт нысанын тұрғызуға бюджет қаражатын бөлдіруге күш салу көзделген. Құрылыс жұмыстарының барлық кезеңін бақылау да бағдарламада қарастырылған.
Тағы бір маңызды мәселе – Өскемен-1 станциясы ауданындағы Теміржолшылар скверін абаттандыру. 2028 жылы нысанды қоғамдық аумақтарды абаттандыру жөніндегі қалалық бағдарламаға енгізіп, қажетті қаржы бөлу мәселесін көтеру жоспарланып отыр. Жоба аясында жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көше жарығын орнату, демалыс орындарын жасау және аумақты көгалдандыру қарастырылған.
Сонымен қатар 2027 жылдың соңына дейін Защита шағын ауданындағы Теміржолшылар көшесі, 81-үй мекенжайында және аурухана маңында орналасқан қараусыз қалған нысандар мәселесін шешу көзделген.
Жолдар, көше жарығы және аялдамалар
Защита және Нефтебаза шағын аудандарындағы жолдардың жағдайын жақсарту да бағдарламада қамтылған. 2027–2028 жылдары көшелерді орташа жөндеуге және қиыршық тас төсеуге бюджет қаражатын бөлдіру мәселесін көтеру жоспарланып отыр. Жол жабынының сапасын бақылау және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру да назарда болады.
2027 жылы екі шағын аудан көшелерінің үздіксіз жарықтандырылуын қамтамасыз ету мәселесін шешуге күш салу көзделген. Бұл, ең алдымен, тұрғындардың кешкі уақытта қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасауға бағытталған.
Сондай-ақ аялдамалардың жағдайын жақсарту мәселесі көтерілген. 2027 жылы аурухана маңындағы, №8 бағыттағы «Талап бойынша» соңғы аялдамадағы, М. Тынышпаев көшесіндегі «Ратмир»ёё дүкені жанындағы және Бажов көшесіндегі аялдамалардың қаңқалы жабындарын жөндеуге немесе ауыстыруға қаржы бөлдіру жоспарланған.
Су және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңарту
Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты болып табылады.
2027 жылдың соңына дейін Солтүстік-Атаман су алу көзінен Защита ауданындағы сорғы станциясына дейінгі су құбырын қайта жаңартуға, сондай-ақ шағын ауданның ішкі су желілерін жаңғыртуға қаражат бөлдіру мәселесін көтеру көзделген.
2028 жылы Карабах шағын ауданынан Защита шағын ауданына дейінгі су құбыры желілерінің екінші кезегін салуды, сондай-ақ Абай даңғылы мен Трубный тұйық көшесі ауданында жаңа желілер тартуды бюджетке енгізу бастамасын көтеру жоспарланып отыр. Бұл ретте тұрғындарды сумен жабдықтау сапасы мен жүйенің сенімділігіне бақылау жасау қарастырылған.
Жылумен жабдықтау мәселесіне де назар аударылған. 2027 жылдың соңына дейін Пограничная көшесіндегі ТК 831-ден ТК 831-4-1-ге дейінгі жылу желісі учаскесін қайта жаңартуға қаражат бөлу мәселесін көтеру және жұмысты депутаттық бақылауға алу көзделген.
Қауіпсіздік және экология
Бағдарламада төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі де қамтылған. 2028 жылға дейін Назарбаев көшесі, 265/1 мекенжайында орналасқан жедел-құтқару жасағының құтқару станциясы ғимаратын күрделі жөндеуге қаражат бөлдіру көзделген.
Экологиялық қауіпсіздік бағытында жасыл желектерді цифрлық есепке алуды енгізу, жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жобасын әзірлеу, заңсыз қоқыс орындарын және радиациялық ластанудың бұрыннан бар ошақтарын жою мәселелері қамтылған.
Сонымен бірге шекті рұқсат етілген шығарындылардың жиынтық томын әзірлеу, жаңа полигон салу және қолданыстағы нысанды рекультивациялау жұмыстарына депутаттық бақылау жүргізу жоспарланған.
Кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындары
Экономикалық даму бағытында шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету міндеттері белгіленген.
2031 жылға дейін шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамтылғандар санын 1,2 мың адамға арттыру, яғни 104,3 мыңнан 105,5 мың адамға дейін жеткізу көзделген.
Сондай-ақ жеті ірі өнеркәсіптік жобаның іске асырылу барысын бақылауға алу қарастырылған.
2028 жылға дейін іске асырылуы жоспарланған жобалар қатарында «Молочный Экспресс» ЖШС сүт зауыты, «Кокжал» шаруа қожалығының ет өңдеу кешені (тәулігіне 3 тоннаға дейін шикізат өңдеу), «Строительная компания Наш дом» ЖШС-нің ДСП зауыты, «Асу-Сай» ЖШС-нің текше пішінді қиыршық тас зауыты, «ECOTON-SHYGYS» ЖШС-нің автоклавты газобетон зауыты және «МСК Групп KZ» ЖШС-нің техникалық майлар цехы бар.
Ал 2029 жылға дейін «ВостокГеоМеталл» ЖШС-нің катодты алтын өндіру зауытын іске асыру жобасын бақылау көзделген.
Бұдан бөлек, жыл сайын кемінде бес жобаны субсидиялауға, 15 жоба бойынша несиеге кепілдік беруге және «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кемінде 200 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға қол жеткізу міндеттері белгіленген. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша жауапты органдардың мәслихат сессияларында есеп беруі қарастырылған.
Тұрғындармен кері байланыс және ашықтық
Бағдарламада тұрғындармен тұрақты байланыс орнатуға және атқарылған жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етуге де басымдық берілген.
Марат Уәлиев азаматтарды әр айдың бірінші сейсенбісінде жеке қабылдауды, тұрғындармен жылына екі рет ашық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жыл сайын жауапты басқармалар мен бөлімдердің бағдарлама орындалуы жөніндегі есептерін тыңдау және нысандарға бірлескен тексеру сапарларын ұйымдастыру көзделген.
Бағдарламада белгіленген міндеттерді орындау, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын бақылау және тұрғындармен тұрақты байланыста болу негізгі жұмыс бағыттары ретінде айқындалған.
№21 сайлау округінің тұрғындары қай жерде дауыс бере алады?
Өскемен қалалық мәслихатының №21 бірмандатты сайлау округіне бес сайлау учаскесі кіреді:
- №110 және №111 сайлау учаскелері – Батыс тұйық көшесі, 14 (№32 орта мектеп).
- №113 сайлау учаскесі – Мұхамеджан Тынышпаев көшесі, 113 (№2 мектеп).
- №114 және №115 сайлау учаскелері – Мұхамеджан Тынышпаев көшесі, 120 (№22 мектеп).
Агитациялық материал республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.



