ШҚО-да көміртегі тотығы датчиктері 42 адамның өмірін сақтап қалды

Шығыс Қазақстан облысында жылыту кезеңі басталғалы бері тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің негізгі себептері – азаматтардың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға немқұрайлы қарауы. Атап айтқанда, пештерді орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу салдарынан 24 жағдай тіркелсе, отпен абайсыз жұмыс істеуден 19, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану талаптарын бұзу салдарынан 15 өрт тіркелген. Қалған 7 жағдай өзге себептерге байланысты орын алған.
Өрт оқиғалары көбіне Өскемен қаласында, сондай-ақ Зайсан, Шемонаиха және Глубокое аудандарында тіркелген.
ШҚО ТЖД мамандары жергілікті атқарушы органдармен, полициямен, волонтерлермен және басқа да мүдделі қызметтермен бірлесіп, өрттің алдын алуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Профилактикалық іс-шаралар аясында 27 мыңнан астам тұрғын үй мен аула қамтылып, 70 мың адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Биылғы жылыту кезеңінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын пешпен жылытылатын 2758 тұрғын үй есепке алынды. Аталған үйлердің барлығы 100 пайыз көміртегі тотығы датчиктерімен жабдықталған. Соңғы 5 жылда нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Осы кезеңде орнатылған 17 мыңнан астам датчик, оның ішінде биылғы жылы орнатылған 941 құрылғы 42 адамның, оның ішінде 34 баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді, – деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
ШҚО ТЖД қызметкерлері өңір тұрғындарын өрт қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.
Пешпен жылыту жүйесін пайдалану кезінде мұржаларды уақтылы тазалап, пештердің жарамдылығын тексеру, олардың шамадан тыс қызып кетуіне жол бермеу және жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмау қажет.
Электр жабдықтарын пайдалану кезінде электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, ақаулы розеткаларды, қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдаланбау керек. Әсіресе жылыту құрылғылары жұмыс істеп тұрған үйлерде балаларды қараусыз қалдырмау маңызды.



