Жаңалықтар

Көлік инфрақұрылымын жаңғырту – «Әділет» партиясы бағдарламасының басымдығы

Өңірдің өркендеуі жол қатынасының қолжетімділігі мен сапасына тікелей байланысты. Қала мен ауылды жалғаған жолдар тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, экономикалық дамуға да жол ашады. Сондықтан көлік инфрақұрылымын жаңғырту «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде белгіленген.

Облыстық мәслихат депутаттығына партиялық тізіммен ұсынылған кандидаттар Гүлмира Мирхат, Зоя Новолодская және Наталья Уразова Өскемендегі «Марат-М» ЖШС ұжымымен кездесіп, бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырды.

Зоя Новолодская жол инфрақұрылымының өңір экономикасы мен халықтың өмір сапасына әсеріне тоқталды.

«Сапалы жолдар қала мен ауыл арасындағы байланысты нығайтады. Адамдардың жұмысқа, медициналық және білім беру мекемелеріне кедергісіз қатынауына мүмкіндік береді. Жол инфрақұрылымын дамыту – жайлы өмір сүрудің ғана емес, экономикалық өсім мен қауіпсіздіктің де маңызды шарты», – деді кандидат.

Партия бағдарламасында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 94 пайыздан 98,5 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осы мақсатта өңірде 504 шақырымға жуық жолды, көше мен көпірлерді жөндеу, салу және қайта құру жоспарланып отыр. Өскеменде көлік айрықтарын салу, Ертіс пен Үлбі арқылы өтетін көпір өткелдерін дамыту, сондай-ақ облыс аудандарындағы жолдарды жаңғырту қарастырылған.

Гүлмира Мирхат қолданыстағы жол желісін күтіп ұстау мен жөндеу жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтудің маңызын атап өтті.

«Әрбір жобаны жүзеге асырған кезде жұмыс сапасына, белгіленген мерзімнің сақталуына және қауіпсіздік талаптарына ерекше мән берілуі керек. Атқарылған жұмыстың нәтижесі әрбір елді мекеннің тұрғынына сезілуге тиіс», – деді ол.

Көлік саласының дамуы білікті мамандарға да тікелей байланысты. Заманауи техника мен жаңа технологияларды меңгерген кадрларды даярлау – бағдарламаның тағы бір басымдығы.

Наталья Уразова маман даярлау кезінде жұмыс берушілердің сұранысын ескерудің маңызын жеткізді. Бағдарлама аясында кәсіпорындардың өтінімі бойынша жыл сайын кемінде 2000 маманды жұмысқа орналастыру кепілдігімен даярлау жоспарланған. Техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының үлесін 70 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл кәсіпорындардың білікті кадрларға деген қажеттілігін өтеуге, ал жастардың сұранысқа ие мамандық алуына мүмкіндік береді.

Осылайша, партияның сайлауалды бағдарламасы жол желісін жаңғырту, құрылыс сапасын бақылау және кәсіби мамандар даярлау бағыттарын бір арнаға тоғыстырады. Мұның бәрі Шығыс Қазақстанның көлік қатынасын жақсартып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.

Кандидаттар алдағы сайлау туралы еске салып, тұрғындарды партия бағдарламасымен мұқият танысып, саналы таңдау жасауға шақырды.

Дайындаған: «Әділет» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Тапсырыс беруші: Мекеева Ж.Ж

«Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарын сайлауда» партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ-ның сайлау қорынан төленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button