Бұқтырма су қоймасы жағалауында Altai City туристік қалашығы құрылуы мүмкін
Шығыс Қазақстан облысында аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес 2026-2035 жылдарға арналған туристік экономиканы дамытудың бас жоспары әзірленді. Құжат жыл бойы туристерді қабылдауға мүмкіндік беретін ұсыныстар қалыптастыруды, алты негізгі туристік аумақты дамытуды, инвестиция тартуды және саладағы жүйелі мәселелерді шешуді көздейді, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас жоспардың негізгі қағидаларының бірі – туриске жай ғана көрікті жерді емес, толық ұйымдастырылған саяхат ұсыну. Яғни көлік, орналастыру, тамақтану, экскурсиялық бағдарлама, қауіпсіздік және алдын ала брондау мүмкіндігі бір жүйеге біріктірілуі тиіс.
Осы бағытта яхта туризмі, таулы велосипед спорты мен даунхилл, ботель, ретрит орталықтары, велосипедшілерге, шаңғышылар мен жүгірушілерге арналған маршруттар, іскерлік және өнеркәсіптік туризм, орнитологиялық бағыттар, жергілікті жабайы өсімдіктерді пайдалана отырып гастрономиялық турлар ұйымдастыру, қазақ отбасының салт-дәстүрімен таныстыру секілді жаңа туристік өнімдер қарастырылған.
Қызу туристік маусымнан тыс уақытта да өңірге келушілер санын арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Бұл үшін спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын, іскерлік іс-шараларды, фестивальдерді, сауықтыру бағдарламаларын өткізуге және агротуризмді дамытуға мүмкіндік бар.
Қазірдің өзінде бірнеше жаңа жоба пысықталуда.
Риддер қаласында орнитологиялық туризмді дамытуға арналған Ridder BirdFest фестивалінің бағдарламасы әзірленді. Оны негізгі туристік маусым аяқталғаннан кейін өткізу жоспарланып отыр. Бұл маусымаралық кезеңде өңірге келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік береді.
Катонқарағай ауданында қар барысын табиғи ортасында бақылауға арналған жоба қарастырылуда. Осы мақсатта ірі халықаралық туроператормен келіссөздер жүргізіліп, техникалық тапсырма әзірленген. Жергілікті орналастыру нысандары да бұл бастамаға қызығушылық танытып отыр. Қазір аудан әкімдігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, жобаны іске асыру шарттарын пысықтау міндеті жүктелген.
Сонымен қатар ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бастамасымен Бұқтырма су қоймасы жағалауында Altai City туристік қалашығын құру тұжырымдамасы әзірленді. Қазір Тереңсай асуында Kokterek Park жобасының тұжырымдамасы дайындалып жатыр.
Тағы бір бағыт – «Аяз Ата ауылы» жобасы. Оның тұжырымдамасы да әзірленген.
Үлкен Нарын ауданында қысқы балық аулауға арналған пилоттық туристік өнімді дайындау басталды. Бұл жұмысқа Балық инспекциясы, тиісті федерация және Туризм басқармасы өкілдері қатысатын жұмыс тобы құрылған.



