ШҚО-да облыстық Ақтан Нұрбаев оқулары өтті
А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында қазақтың көрнекті ақыны, айтыс өнерінің өкілі Ақтан Нұрбаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған «Ақтанымын Алтайдың» атты облыстық оқулары өтті.
Байқауға Самар, Риддер, Катонқарағай, Глубокое, Ұлан аудандарынан және Өскемен қаласының мектептерінен 50 оқушы қатысты.
Оқушылар Ақтан Нұрбаевтың өлеңдерін жатқа оқып, ақын шығармашылығына деген құрметі мен өнерге деген қабілеттерін көрсетті.
Шараға ақын Ақтан Нұрбаевтың ұрпақтары да арнайы қатысып, ақын мұрасын ұлықтап, шығармашылығын жас буын арасында насихаттауға бағытталған игі бастамаға қолдау білдірді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Бас жүлдені Самар ауданының Амангелді орта мектебінің оқушысы Інжу Өсерхан иеленді. І орын Глубокое ауданының Верх-Березовка орта мектебінің оқушысы Қуаныш Қасенге бұйырды. ІІ орынға Оралхан Бөкей атындағы № 44 лицейдің оқушысы Айару Адамбек мен Мадина Болатбек ие болды. ІІІ орынды Абай атындағы орта мектептің оқушысы Іңкәр Жақсылыққызы, Гагарино орта мектебінің оқушысы Әлинұр Төлеген және Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінің орта мектебінің оқушысы Айзат Шаймұрат иеленді.
Сондай-ақ Абай атындағы орта мектеп оқушысы Раяна Есболқызы көрермен көзайымы арнайы жүлдесімен марапатталды.
– Жыр додасы жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, туған әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған маңызды мәдени-әдеби алаңға айналды. Ақын мұрасын ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа сөз өнерінің қадір-қасиетін таныту – осындай жобалардың басты мақсаты, – дейді ұйымдастырушылар.



