Өскемендегі «Grand Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау мәселесі талқыланды

Өскемен қаласындағы Красин көшесінде орналасқан «Grand Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау мәселесі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың азаматтарды қабылдауында талқыланды, деп хабарлайды Bizdiң Öskemen.
2023 жылдан бері аталған тұрғын үй кешенінің құрылысына 104 азамат қаражат салған. Алайда нысанның құрылысы әлі аяқталмаған.
Мәселені бірлесіп шешу үшін биыл мамыр айында үлескерлер «Ustroy dom» тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрған. Қазір оның құрамында 76 адам бар, тағы 26 азамат мүшелікке өтуге өтініш берген.
Кооператив өкілдері аяқталмаған тұрғын үй кешенін жер учаскесімен бірге өз қарамағына алу мәселесі бойынша қалалық прокуратураға жүгінуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ құрылыс салушымен келісімге келіп, нысанды ерікті түрде беру мүмкіндігі де қарастырылуда.
Егер тұрғын үй кешені кооперативтің қарамағына өтсе, құрылысты жалғастыру үшін инвесторлар мен мердігер ұйымдар тартылмақ.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жауапты тұлғаларға сумен жабдықтау және жарықтандыру мәселелерін шешуге көмектесуді тапсырды. Сондай-ақ сейсенбі күні үлескерлермен қайта байланысып, алдағы қадамдарды бірлесіп талқылауды міндеттеді.



