Шығысқазақстандық садақшы дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионатында топ жарды

30 қазан мен 4 қараша аралығында Корея Республикасының Ульсан қаласында дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионаты өтті.
Қазақстан ұлттық құрамасы жоғары шеберлік, мықты рух пен жеңіске деген жігер танытып, халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатты.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Ұлттық құраманың қоржынында 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль бар.
Әлемдік додада өнер көрсеткен шығысқазақстандық спортшы Олжас Дюсупов командалық есепте 30, 60 және 90 метр қашықтықта үш бірдей алтын медаль жеңіп алып, жоғары нәтиже көрсетті.
Бұл Олжас Дюсуповтың алғашқы халықаралық жеңісі емес. Оның қоржынында бұған дейін де көптеген халықаралық жарыстардың жүлделері бар. Спортшының жаттықтырушысы – Ажар Төлеуханова.



