Маңырақ ауылында ветеринариялық пункт ашылды

Республика күні қарсаңында Тарбағатай ауданындағы Маңырақ ауылында жаңа ветеринариялық пункттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Дархан Шомпайұлы, аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы, аудандық ветеринария қызметінің басшысы Жайлаухан Қозыханұлы,Облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Ордабаев Ерлік Ғұмарұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында аудан әкімі Дархан Шомпайұлы ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, жаңа нысанның ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы маңызына тоқталды. Ауыл әжелері ақ шашуын шашып, өлең айтып,ақсақалдар ақ батасын беріп, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Облыс басшысының қолдауының нәтижесінде соңғы жылдары ауданда ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, 2024 жылы облыстық бюджет есебінен аудандағы сібір жарасы бойынша 8 көмінді талапқа сай бетон қоршаулармен қоршалды. 2025 жылы ветеринария қызметіне 1 жүк көлігі, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге арналған 1 ДУК автокөлігі және 9 жаңа «Соболь» арнайы автокөлігі берілді. Аудандық бюджет есебінен Ақжар ауылдық округінде мал қорымының құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, сегіз ауылдық округте малды қамап ұстауға, егуге, емдеуге және профилактикалық шараларды ұйымдастыруға арналған арнайы орындар қарастырылып, ветеринариялық жұмыстарды тиімді жүргізуге жағдай жасалуда.
Жаңа ветеринариялық пункттің ашылуы – ауыл шаруашылығын қолдауға, мал саулығын сақтауға және тұрғындарға көрсетілетін ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған игі бастама.



