Тарбағатай ауданында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді

Республика күні қарсаңында Тарбағатай ауданының Жаңалық ауылында жаңа медициналық пункттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Дархан Шомпайұлы, аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы, аудандық аурухананың бас дәрігері Елжан Манарбекұлы, Ақжар ауылдық округ әкімі Дәуітбек Қорғауұлы, медицина қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Дархан Шомпайұлы ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтап, жаңа медициналық пункттің ел игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді.
Тарбағатай дербес аудан болғаннан бері денсаулық сақтау саласында бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 9 медициналық пункт салынып, халық игілігіне берілді. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі мен перзентхана ғимараты, Құйған және Тұғыл ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өтіп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Сондай-ақ Сарыөлең, Шеңгілді, Жаңатілеу және Тәуке ауылдарындағы медициналық пункттер жаңартылды.



