Жаңалықтар

Өскеменде Серік Құсанбаевтың «Дариға-ай, дәурен!» атты шығармашылық кеші өтеді

17 қазанда сағат 15:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында халықаралық және республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін бас жүлдегері, айтыс өнерінің көрнекті өкілі Серік Құсанбаевтың «Дариға-ай, дәурен!» атты шығармашылық кеші өтеді.

Кештің басты мақсаты – ұлттық сөз өнерінің дамуына өзіндік үлес қосқан ақынның шығармашылық жолын кеңінен таныстыру, айтыс өнерінің дәстүрін дәріптеу және қазақ поэзиясы мен ән өнерінің сабақтастығын көрсету.

Шығармашылық кеш аясында көрермендерге ақынның өмірі мен өнер жолына арналған бейнебаян ұсынылып, әдеби-сазды бағдарлама өрбиді. Кеш барысында ақындар айтысы, дәстүрлі ән мен күй орындалып, Серік Құсанбаевтың шығармашылығынан туындаған туындылар көрермен назарына ұсынылады.

Кешке арнайы қонақ ретінде «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков пен Аспанбек Шұғатай, ақындар Елена Әбдіхалықова, Ардабек Ақбаба, Серік Қуанғанұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкүмән, сондай-ақ өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар қатысады.

Бағдарламада ақынның өлеңдері мен әндері орындалып, ұлттық өнердің көркемдік қуаты мен рухани құндылықтары дәріптеледі. Кештің қорытынды бөлімінде Серік Құсанбаевтың орындауындағы «Достарға» әні шырқалады.

«Дариға-ай, дәурен!» шығармашылық кеші – ақынның өнердегі өнегесін ұлықтап, ұлттық мәдениет пен руханиятты насихаттауға бағытталған тағылымды мәдени іс-шара.

Басқа жаңалықтар

Back to top button