Жаңалықтар

ШҚО-да гидротехникалық құрылыстар мен каналдар қалпына келтіріледі

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Еуразиялық даму банкі, Ислам даму банкі, Азия даму банкі және Француз даму агенттігінің өкілдері қатысты.

Отырыста ірі инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды жүзеге асыруға назар аударылды.

ЕҚДБ-мен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысындағы гидротехникалық құрылыстар мен жалпы ұзындығы 676 шақырымнан асатын 56 каналды қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылады. Суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін 80,6 мың гектардан 92,3 мың гектарға дейін арттыру және су жинау көлемін 42,7 млн текше метрден 114,5 млн текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ЕҚДБ-мен бірлесіп, Риддер қаласындағы тәулігіне 19 мың текше метр су тазарту қуатына ие кәріздік тазарту құрылыстарын реконструкциялау жоспарлары туралы баяндады. Бұл инфрақұрылымды жаңартуға және Тынық өзені бассейніндегі су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, банктің Қазақстанның су және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысу ниетін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button