БастыЖаңалықтар

Өскемендік ардагер жасы 80-ге келсе де, белсенді өмір салтын ұстанып жүр

Төтенше жағдайлар саласында 42 жыл еңбек еткен Әбілқайыр Насырұлы Иманбековтың жасы 79-да. Бүгінде ол белсенді өмір салтын ұстанып, жастарға үлгі болып жүр.

Ол 14 жыл бойы облыстық штабта Азаматтық қорғаныс курстарының бастығы қызметін атқарып, Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасын басқарған. Қызмет барысында талай күрделі операцияға жетекшілік еткен.

2009 жылы Сенное ауылындағы су тасқыны кезінде құтқару жұмыстарына басшылық етсе, тағы бір жолы Алматыдан автобуспен қайтып келе жатқан фристайлдан Қазақстан құрамасының 11 спортшысы қатты боран салдарынан жолда қалып қойған. Құтқару операциясын да Әбілқайыр Иманбеков ұйымдастырған.

Қазір зейнеткерлікке шыққан ардагер спортпен белсенді айналысады. Ол Шығыс Қазақстанда скандинавиялық жүріспен айналысатын спортшылардан құрама команда жасақтау туралы бастама көтерген. Алматы, Түркістан, Самарқанд, Бішкек, Семей және Ыстықкөлде өткен марафондарға қатысып келеді.

2025 жылы Италияда өткен скандинавиялық жүрістен әлем кубогында жүлделі екінші орынға ие болды.

«Скандинавиялық жүріске ден қойдым. Өскемендегі осы спорт түрімен айналысатын адамдар тобына қосылдым. Бұл – үнемі қозғалыста болуға мүмкіндік беретін демократиялық спорт», – дейді Әбілқайыр Иманбеков.

Оның тағы бір хоббиі – би. Әсіресе вальсті ұнатады. Алматыда өткен халықаралық байқауда өнер көрсетіп, лауреат атанған.

42 жылын ел қауіпсіздігіне арнаған ардагер бүгінде қызметтік міндеттердің орнына спорттық жарыстар мен биді таңдаған. Ол өзінің өмір салтымен жас ұлғайған сайын белсенділікке шектеу қойылмайтынын, ең бастысы – қозғалыс пен дамуға деген ұмтылыс екенін көрсетіп келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button