Жаңалықтар

Өскеменде «AUYL SPORT – 2026» турнирі басталды

Облыс орталығында ауыл балалары арасындағы «AUYL SPORT –  2026» турнирінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Bizdiң Өskemen.     

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының ауыл балаларына арналған AUYL SPORT әлеуметтік жобасының үшінші маусымы басталды. Биыл бастама Қазақстанның барлық 17 облысын қамтып, өңірлік және республикалық жарыстарға 15 мыңнан астам жас спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

Шығыс Қазақстан облысындағы жарыстар 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтеді.

Ашылу салтанатына қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Баршаңызды балалар мен жасөспірімдер арасында өтетін «AUYL SPORT-2026» облыстық турнирінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі жарыс – тек спорттық бәсеке ғана емес. Ол ауыл балаларының өз қабілетін көрсетуге, тәжірибе жинақтауға және үлкен спортқа алғашқы қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Спортпен айналысқан бала тәртіпке, жауапкершілікке, еңбекке және өз мақсатына жетуге үйренеді, – деді облыс әкімі.

«Halyk» қайырымдылық қорының спорт жөніндегі маманы Ғалым Сихымовтың айтуынша, қор бұл жобаны биыл еліміздің түкпір-түкпірінде үшінші рет өткізіп отыр.

– Жарысты өткізудегі мақсатымыз – ауыл балалары арасында дене шынықтыру мен спортпен шұғылданушылардың үлесін арттыру. Бұл бастама Шығыс Қазақстан облысында осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Өңірдің жас спортшылары арасынан республикалық додада топ жарар жастардың шығатынына сеніміміз мол. Шығыс Қазақстан – спортшылардың ұстаханасы. Өздеріңізге мәлім, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, ауыр атлет Денис Уланов сияқты спортшыларымыз осы қасиетті өңірден шыққан, – деді Ғалым Сихымов.

Биылғы додаға Шығыс Қазақстанның әр ауданынан 400-ден астам жас спортшы қатысады. Олар шағын футбол, қыздар мен ұлдар арасындағы волейбол және баскетбол, еркін күрес, шахмат, бокс және үстел теннисі спорт түрлерінен бақ сынайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button