Өскеменде облыстық оқушылар айтысы өтеді

22 қазан күні Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Республика күніне орай «Жырың болып төгілемін» атты облыстық оқушылар айтысы өтеді.
Шығармашылық дода кітапханадағы «Ақтан Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебінің» ұйымдастыруымен өтеді. Айтысқа Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің 5–11 сынып оқушылары қатысады.
Сахна төрінде жас ақындар домбырамен өнер көрсетіп, суырыпсалмалық, тапқырлық, шешендік және қарсыласының сөзіне іліп әкетіп, ұтымды жауап беру шеберлігін танытады. Әр жұпқа 15–20 минут уақыт беріледі. Айтыс қорытындысы бойынша жоғары ұпай жинаған төрт ақын финалдық кезеңге жолдама алады.
Жас ақындардың өнерін облыс және республика көлеміне танымал бес ақыннан құралған қазылар алқасы бағалайды. Қатысушылардың сөз саптауы мен тіл шеберлігі, суырыпсалмалығы, тапқырлығы, тақырыпты ашуы, қарсыласына жауап беру шеберлігі, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі және сахна мәдениеті ескеріледі.
Айтыстың жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Ал Бас жүлде иегеріне арнайы марапат табысталады.
Ұлттық сөз өнерінің жалғасын табар жас буынның басын қосатын бұл дода – жас ақындарға өз талантын танытып, айтыс өнерінің дәстүрін жаңа буынмен жалғастыруға мүмкіндік беретін маңызды шығармашылық алаң болмақ.
Айтыс сағат 11:00-де басталады.



